Шымкенттің оқушылары ұзартылған топта білім алады

1210

Биыл қала аумағында бастауыш сынып оқушыларын ұзартылған күн тобына қабылдайтын мектептердің саны екі есеге артты. Бастама перзенттерінің қара кешке дейін қауіпсіз жер — мектептен табылғанын қалайтын ата-аналардың сұранысы бойынша жүзеге асқан. Мұндай мәліметті қалалық білім бөлімінің басшылығы мәлімдеп отыр. Бағдарлама бойынша жұмыс жасайтын білім ұяларының дайындығын біз де пысықтап көрдік.

С.Ерубаев атындағы №24 мектеп-лицейдің бастауыш сыныбының мұғалімі Роза Бекжанова алдымен күннің басты кестесін таныстырды. 15 жылдық тәжірибесі бар педагог ұзартылған күн тобында білім алушы оқушы үшін мұнда үй тапсырмасын орындаудан бөлек уақытын тиімді өткізуге бағытталған түрлі танымдық жаттығу-үйірмелер қолға алынғанын алға тартты. Ал мектеп басшылығының айтуынша, биыл бірінші сыныпқа келетін 250 оқушының барлығының ата-анасы осы ұзартылған күн тобында беруге құлық танытқан.

Роза Қарабаева, С.Ерубаев атындағы №24 мектеп-лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары: «Біздің мектепте 30 үйірме бар — ән, күй, вокал, қолөнер сияқты. Спорттық сайыстар үшін де арнайы сағаттар қолға алынған. Одан соң үй тапсырмасын орындайтын сыныптарға барып, сабақтарын оқиды. Ал ұзартылған кесте болғандықтан, 3 мезгіл арнайы тамақтанады.»

Шаһарамызда барлығы 129 мектеп бар екенін ескерсек, әзірге оның 43-інде ғана осындай ұзартылған күн топтары жұмыс жасайды. Қалалық білім бөлімінің басшылығы мәселені күнгейдегі демографиялық ахуалмен байланыстырып отыр.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы: «Ата-аналарға ыңғайлы болуы үшін барлық мектепте ұзартылған күн тобы болғанын қалаймын өзім. Алайда, біздің Шымкент қаласында жыл сайын бала саны 8000-ға артады, сондықтан халық санының өсуі, үш ауысымға көшу қаупі бар деген сияқты мәселелерге байланысты бізде мұндай мүмкіндік жоқ. Ал ұзартылған күн тәртібі бойынша қызмет ететін педагогтардың айлық жалақысы 18 сағаттық жүктемемен есептеледі де 49-50 000 теңгенің шамасында еңбекақы төленеді».

Сондай-ақ, ұзартылған күн тобына енген оқушылардың мектепке тасымалы мен ас-ауқатының ақшасы ата-анасының есебінен төленеді. Айта өтетін ақпар, биыл қаламыздағы білім ұяларының табалдырығын 22 мыңға жуық бала аттағалы отыр.