1-ші сыныпқа құжат қабылдау басталды

18

Елімізде 1-ші сыныпқа қабылдау басталды. Бұл процесс 1-ші сәуір мен 31-ші тамыз аралығында жүргізіледі. Мектепке 6 жасар балалар мен биыл алтыға толатындар қабылданады. Баланы 1-сыныпқа қабылдау тәртібі қандай? Қандай құжаттар қажет?

1ші сәуірден бастап ел мектептерінде 1-ші сыныпқа құжат қабылдау басталды. Бұл процесс 31-ші тамызға дейін жалғасады. Құжатты екі әдіспен тапсыруға болады. Сканерден өткізіп egov.kz порталы арқылы немесе тікелей мектепке барып өтініш қалдыру қажет.

Маржан Намазбаева, «Ө.Жолдасбеков атындағы №9 IT лицейі» КММ директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары: «ҚР Білім және Ғылым министрлігінің 2018 жылғы 18 қарашадағы №564-ші бұйрығы негізінде барлық жерде қазір 1-ші сыныпқа қабылдау басталды. 1 сәуірден 31 тамызға дейін құжаттар қабылданады. Біздің лицейде де қабылдау басталды. Биыл 2 қазақ тілді, 1 орыс тілді сынып ашылады. Кешеден бері тапсырылған құжат саны 35-ке жуықтады. Ата-аналар бұрышында барлық ереже жазылған. Қажетті құжаттар –  туу туралы куәлік, №065 нысанды денсаулық жағдайы туралы анықтама, баланың денсаулық паспорты, сурет 2 дана»

Салтанат Жолымбетованың 3-ші перзенті биыл мектеп табалдырығын аттайды. Бүгін ол қызының құжаттарын қаладағы №9 IT лицейіне тапсырды.

Салтанат Жолымбетова, ата-ана: «Мен осы мектепке 1-ші сыныпқа қызымды әкелдім. Маратова Мадина. Осы 9-шы мектепке қарасты мөлтек ауданның тұрғынымыз. Бүгін барлық қажетті құжаттарды дайындап, тапсырдым»

Білім беру ұйымын тұрғылықты жері бойынша таңдау шарт емес. Ата-ананың қалауына қарай таңдауға құқығы бар. Алайда өтінімді тек бір мектепке ғана жолдай аласыз. Қандай да бір себеппен ол білім ордасына құжат қабылданбаса ғана 2-ші рет басқа мектепке тапсыруға болады. Айта кетейік, кешеден бері Шымкентте 360-тан астам баланың құжаты қабылданып үлгерді.