Оңтүстіктің полицейлері 45 түп қарасора өсімдігін тапты. Ордабасы аудандық ішкі істер бөліміне жергілікті тұрғындардың бірі құрамында есірткі заты бар өсімдік өсіретіні туралы хабарлама келіп түскен.
Тәртіп сақшылары жүргізген жедел іздестіру іс-шаралары барысында Төрткөл ауылындағы мақта егістігінің орта тұсында қарасора егілген алқап анықталды. 31 жастағы жергілікті тұрғынға тиесілі бұл алқаптан полицейлер 45 түп өсімдікті анықтап, айғақ зат ретінде тәркілеп алды.
Сот-криминалистикалық сараптамасы бұл өсімдіктердің жалпы салмағы 18 келіні құрайтын, құрамында есірткі заттары бар қарасора екенін анықтады.
Қазір осы жайт бойынша қылмысты кодекстің 300-бабымен (құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру) іс қозғалды. Күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберілген. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.