Техникалық байқау саласы қатаң бақыланады

415
Техникалық байқау саласы қатаң бақыланады

Аумақтық көлік инспекциясы көліктерді техникалық байқаудан өткізетін орталықтардың жұмысын қатаң бақылауға алмақ. Орталықтардың соңғы 7 айдағы жұмысы көңіл көншітпейді. Соңғы деректер бойынша техникалық байқаудан 255 мың көлік өткен. Сол көліктердің 7 пайызы ғана жарамсыз деп кері қайтарылыпты. Шын мәнінде, бұл өте аз көрсеткіш дейді инспекция қызметкерлері.

Техникалық байқау саласы қатаң бақыланады

Облыста 33 техникалық байқау орталықтары бар. Оларды тексерген инспекция 6 мекеменің жұмысын тоқтату жөнінде шешім шығарған. Өйткені, міндеттерін тиісті деңгейде атқармайды.

Дина Түгелбаева, бас маман: «Тексеру барысында анықталған ең көп кемшілік — көліктердің арнайы орындарда тексерілмеуі. Ондағы қызметкерлер «Фотошопты» пайдаланып, жалған жұмыс жасаған.»

Облыс бойынша ең ауқымды және заман талабына сай жабдықталған орталық Төлеметов көшесіндегі «Арипжан» байқау бекеті дейді сала мамандары. Мұнда келген техника санаулы минут ішінде тексеріліп, ахауы анықталмаған жағдайда жүргізуші қолына құжатын алады және ол міндетті түрде мәліметтер қорына тіркеледі.

Ал арнайы белгіленген орындарда көліктерін байқаудан өткізбегендердің тірлігі заңсыз және олардың ақпараты мәліметтер қорында болмайды. Сол себепті көлік инспекциясы темір тұлпарды тізгіндегендерге заңды бұзбай, жалған техбайқауға ұрынбауға шақырады. ОҚО бойынша қазір 500 мыңнан астам көлік бар. Бұған қоса кез келген орында орталық ашып, тіркеуге алатындардың да бақылауда екенін ескертеді сала жауаптылары.

Нұрлан Жаңабай