Дзюдо күресінен Олимпиада ойындарында сынға түсетін палуандар арасында жеребе тартылды. Риода Оңтүстік Қазақстаннан барған Дидар Хамза мен Отгонцецег Галбадрах белдеседі.
Алғашқылардың бірі болып тамыздың 6-сы күні татами төріне шымкенттік Отгонцецег шығады. 48 келідегі спортшылр арасында чемпион атанып жүрген Галбадрах бірінші турда белдеспейді. Ол екінші айналымда Гвиней-Бисау спортшысы Тасиана Лимамен татамиге шығады.
Дидар Хамза 73 келіде белдеседі. Ол бірінші айналымда Гамби палуаны Файа Нжиеден басым болуға тырысады. Оның қарсыласы да құрлық біріншілігінде Олимпиадаға жолдама жеңіп алған болатын. Дидар татами төріне 8 тамыз күні шығады.
Естеріңізге салсақ, Рио-де-Жанейрода 136 елден келген 389 палуан жүлде үшін таласады. Бұл — рекорд.