Құрбан айты жақын қалды

225

Иісі мұсылман қауым Құрбан айтына дайындалуда. Қасиетті мерекес биыл 12 қыркүйек күні басталады.

Құрбан айты жақын қалды

Осыған орай Шымкентте өңірдің имамдары баспасөз жиынын өткізіп, халыққа Құрбан айтының ережесі мен маңызын түсіндірді. Барлық мұсылман жұртшылығы бұл мерекені үш күн қатарынан тойлайды.

Биыл айт күндері орталық мешіттерде ұлттық салт-дәстүрге сай өткізілмек. Бұл туралы облыстың бас имамы Ахметжан Керімбек тілшілермен өткен баспасөз мәжілісінде мәлімдеді. Айтуынша, Құрбан айты күндері мешіттерде ұлттық ойын түрлері мен мерекелік дастархан жайылады. Ал айт намазы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша таңғы сағат 07:40-та оқылады.

Биылғы Құрбан айты дүйсенбі күнге тура келіп тұр. Ал Қазақстан заңына сай бұл күні демалыс болып саналады. Үш күн атап өтілетін айттың қалған екі күні жұмыс күніне тура келгендіктен, ешқандай қосымша демалыс болмайды.

Ислам мейрамдары айлық күнтізбемен есептеледі. Мұсылман баласының ұлық мейрамы Құрбан айты жыл сайын Зулхиджа айының 10-ы күнімен сәйкес келеді. Құрбандық айт намызынан кейін шалынады. Оған 4 түлік мал шалынады. Ірі қара малды 7 адам бірігіп шалуына да болады.