Арыс қаласына жаңа әкім келді

1048
Арыс қаласына жаңа әкім келді

Арыс қаласына жаңа әкім тағайындалды. Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің және Арыс қалалық мәслихатының келісімдері бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Мұрат Болатұлы Қадырбек Арыс қаласының әкімі болып тағайындалды.

Арыс қаласына жаңа әкім келдіМұрат Болатұлы 1980 жылдың 3 тамызында дүниеге келген. Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданының тумасы. Білімі жоғары, заңгер, құқықтану магистрі. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі.

Еңбек жолын 2002 жылы Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының прокуратурасының бөлім прокуроры лауазымында бастаған. 2004-2008 жылдары Қазыбек би ауданы прокурорының көмекшісі, Шығыс-Қазақстан облысы №2 Тарбағатай аудандық сотының судьясы лауазымдарын атқарған.

2008-2011 жылдары Қазақстан Республикасы қоршаған ортаны қорғау министрлігінде бюджеттік жоспарлау, қаржы-экономикалық қамтамасыз ету және мемлекеттік активтерді басқару, экономика және қаржы департаменттері директорының орынбасары, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары ретінде еңбек еткен.

2011-2016 жылдары Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мемлекеттік қызметті кадрлық қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары, Алматы облысы бойынша департамент басшысының орынбасары, Солтүстік-Қазақстан және Маңғыстау облысы бойынша департаменттерінің басшысы — тәртіптік кеңес төрағасы лауазымдарын атқарған.

2016 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы – әдеп жөніндегі кеңес төрағасы болып еңбек етіп келді.

Ал бүгінгі күнге дейін қала әкімінің міндетін атқарып келген Ертай Сейіт Мырзақұлұлы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды.

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі