Шымкентте заңсыз жолаушы тасымалдаушыларға тыйым болмай тұр. «Колос» аталып кеткен аялдама маңынан көліктен аяқ басып жүру мүмкін болмай қалатын кездер көп. Жолаушы тасымалдаушылардың әрекеті заңсыз екенін өздері де, жолаушылар да жақсы біледі. Жағдайды реттеуге қатысты талай ескертулер, тексеру шаралары осы күнге дейін нәтиже берген жоқ. Осы жолғы кездесуде көлік иелері шенеуніктерден көмек сұрады.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, мұнда автовокзал ашу қажет. Бірақ, бұл жоспарды іске асыру үшін көлік жүргізушілерінің де келісімі керек. Себебі, талапқа сай жасалатын тірлікте жауапкершілік соларға артылады. Қос тарап келісімге келсе, жаңа автовокзалдың құрылыс жұмыстары жақын күндері басталуы мүмкін.
Ғани Қарабеков, облыстық кәсіподақ кеңесінің төрағасы: «Біздің мақсатымыз — бұл жердегі такси жүргізушілерін жұмысын тоқтату емес. Керісінше олардың жұмысын заңдастырып, мұндағы тәртіпті реттемекпіз. Бұларға осы маңнан тұрақ ашамыз және арнайы бір компания ашып, сол компания осындағы жұмыстарды ұйымдастырады. Әрі тәртіпке келтіреді.»
Бұрын осындай заңсыз түрақтар көп болатын. Бүгінде олардың дені ретке келтірілді. Мысал ретінде Бекжан, Самал, Айна базарларындағы шағын автовокзалдар жұмыс істейді. Тұрғындар да үйренген.