Шымкенттегі Мирас шағынауданындағы көше бойында ауызсу далаға текке ағып жатыр, Осылай деп жаңалықтар қызметіне хабарласқан тұрғындар тіршілік көзінің үйлерге қауіп төндіріп жатқанын айтты. Айтуларынша, су есептегіш қондырғылар орнатылған жәшіктегі құбырдың бірі жарылған. Соның салдарынан бірнеше үй тұрғындары ауызсусыз отыр.
Бұл көшелерде су құбырлары бюджеттен бөлінген қаражатқа тартылған. Үй салуға берілген жер телімдері толық игерілмегендіктен, бос жатқан учаскелер көп. Салдарынан су есептегіш қондырғылар орнатылған жәшіктер қараусыз қалады. Келеңсіздіктің орын алуына бірден-бір себеп те осы. Бүгінгі жарылған құбыр да сол су есептегіш құралы орнатылған жәшіктің ішінде.
Оқиға орнына келген «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС мамандары жарылған құбырды жамап, суды бірден тоқтатты. Оған қоса тұрғындарға келеңсіз жағдай орын алғанда не істеу керегін ескертті. Айтуларынша, үй ауласындағы ақауларға мамандар жауап бере алмайды.
Сала мамандарының айтуынша, игерілмей жатқан жер телімдеріне жүргізілген су жүйелерінде ақау жиі орын алады. Жасалған жобаға сәйкес, тартылған құбырмен көше бойындағы барлық жер учаскелеріне су беріледі. Ал баспана тұрғызылмай, бос жатқан учаскелер аз емес. Ондай жерлер үшін ешкім жауап та бере алмайды.
Нұрлан Жаңабай