Ордабасы ауданы Бадам ауылындағы «Бадам» индустриалды аймағында полиэтилен бұйымдарын қайта өңдейтін жаңа зауыттың іргетасы қаланды. Инвестиция құны 20 млн АҚШ долларын құрайтын зауыт жылына 50 мың тонна өнім өндіреді деп күтілуде.
Ірі өндіріс орнының қазығын қағудың салтанатты шарасына шетелдік бірқатар ірі компаниялардың өкілдері қатысты. Еске салайық, бұл жоба биылғы 28-29 сәуірде өткен «Ontustik Invest-2016» халықаралық инвестициялық форумы аясында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде жүзеге асып отыр.
Аталған жобаны әлемге танымал шетелдік Hongkong Tianrun Co LTD ірі өндіріс компаниясы облыс әкімдігімен және Green Technology Industries компаниясымен бірлесе отырып салмақ. Бүгінде бұл компания 70 мемлекетте өндіріс орындарын ашып үлгерген.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпіліс беретін зауыт іске қосылған кезде 250 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.