ОҚО-да тұрмыстық қалдықты кәдеге жарататын жаңа жоба таныстырылды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен осы тақырып төңірегінде іс-шара өтті. Басқосуға аудан, қала әкімдерінің саланы жетекшілік ететін орынбасарлары, бөлім басшылары мен тұрмыстық қалдықтар саласында жұмыс жүргізетін мекеме өкілдері қатысты.
Жиында Польша мемлекетінен арнайы келген «VecoPolyEnergy» компаниясының өкілдері қатты тұрмыстық қалдықты қайта өңдейтін кешен құрылысының жобасымен таныстырды. Кездесу барысында жоба бойынша аудан, қала аумағында түзілген және жинақталған қалдықты қайта өңдеу арқылы екінші рет өнім алу мүмкіндіктері жөнінде сөз қозғалды.
Қазақстан Республикасының экологиялық кодексінің талаптарына сәйкес, қалдықты сұрыптау, кәдеге жарату және қайта өңдеу жөніндегі жұмыстарды тиімді ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдарға жүктеліп отыр. Осыған байланысты тұрмыстық қалдықты кәдеге жарату, қайта өңдеу технологияларын ендіру қажеттілігі туындауда. Жобамен танысқан аудан, қала әкімдіктері өз тарапынан пікірлерін айтып, қызығушылықтарын танытты. Аталған жоба жергілікті билік тарапынан қолдау тапса, шетелдік компания тұрмыстық қалдықты қайта өңдеу жобасын іске асыратын болады.