Оңтүстікте жаңа туған балаға берілетін 4 құжатты алу оңтайландырылды. Сәбилерге берілетін құжаттардың 4 түрі біріктіріліп, композиттік қызмет аясына енді. Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы алынатын бұл қызметке баланың туу туралы куәлігі, бір жылдық әлеуметтік төлемақысы, нәрестенің бір жасқа дейінгі төленетін жәрдемақысы мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына кезекке қою қызметтері жатады.
Бүгінде облыстың барлық перинаталды орталықтары мен босану үйлерінде халыққа қызмет көрсету орталықтары мен АХАТ бөлімдерінің қызметкерлері жоғарыда айтылған құжаттарды рәсімдеу бойынша көшпелі қызмет көрсетуде.
Аталған қызмет іске қосылған бір күннің ішінде 136 баланың құжаты рәсімделген. Осылайша жаңа босанған аналар енді жоғарыда аталған 4 құжатты алу үшін түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырмай, ХҚКО-на барып, бір өтініш негізінде іске асыра алады. Әрине, облыс жұртшылығы арасында бұл қызмет түріне оң пікірін білдіріп отыр.