«Шымкентсыра» зауыты АТФ-банктің еншісіне өтті

314
Шымкент сыра зауыты
Шымкент сыра зауыты

Кәсіпкер Тоқтар Төлешовке тиесілі «Шымкентсыра» зауыты «АТФ Банк» акционерлік қоғамының иелігіне өтті. Кәсіпорын банкке шамамен 100 млн доллар қарыз болған. Бұл туралы Астана телеарнасы хабарлады.

Шымкент сыра зауыты
Шымкент сыра зауыты

Банк басшылығының айтуынша, 2007 жылы өздерінен ірі сомадағы несие алған «Шымкентсыра» компаниясының басшылары 2009 жылдан бастап борышын төлеуді тоқтатыпты. Қаржы институтының заңгерлері мәселені алдымен бейбіт жолмен шешуге тырысыпты. Бірер жыл дауласып жүріп, ақшасын өндіре алмаған соң 2015 жылдың желтоқсанында сыра зауытынан банк есебіне 20 млрд теңге өндіру туралы қаулы шығарған. Ол үшін зауытты сатылымға қойды да.

— Сауда ұйымдастырылды. Алайда сатып алушылардың болмауынан зауыт сатылмады. Қазақстанның заңына сәйкес сауда болмаған жағдайда банк сотқа аталған мүлікті банк балансына өткізу туралы өтініш беруге құқылы. Біз де солай жасадық,- деді «АТФ Банк» АҚ басқарушы директоры Елдос Жұмабаев.

Басқарушы директордың айтуынша, сот осы өтінішті мақұлдап, қабылдап алу-беру актілері бойынша қағаздарға қол қойылған. Жаңа иелері сыра зауытынң жұмыс бағытын күрт өзгертпейміз дейді.

«Зауыт сыра қайнатумен айналыса береді. Банкке өз саласынан тыс қандай да бір әрекет жасауға тыйым салынған. Бірақ, заңға сәйкес, банк зауыттың еншілес ұйымын құрып, барлық мүлікті сонда көшіруіне болады. Біз солай жасамақпыз» деп түсіндірді Елдос Жұмабаев.

Осы арада «Шымкентсыраның» банкке ғана қарыз емес екені белгілі болды. Бүгінде зауыт төленбеген жалақы есебінен жұмысшыларға 600 млн теңге қарыз болып отыр. Айта кетейік, билікті күшпен тартып алмақ болды деп айыпталған кәсіпкер Тоқтар Төлешовтің ісіне қатысты сот 14 қыркүйекте басталады. Сот жабық режимде өтеді. Аталған істе 25 айыпталушы бар.