Шымкентте тағы да ойын алаяқтары бас көтерді. Байқамаған жан базар барса, қымбатшылық қалтасын қаққанымен қоса алаяқтарға арбалып қалуы әбден мүмкін.
Мынау — Шымкенттегі Автонұр базарының алдындағы шарик-марик құмар ойыны. Арбауға түсетіндердің дені ауылдықтар екен. Ала жаздай жиып-тергенін бала шағасына жұмсаудың орнына алаяқтарға алданады.
Ал Абай ауданы бойынша учаскелік полицейлер шағымданушы болмаса, алаяқтарды құрықтауда дәрменсіздік танытып отыр. Бүгінге дейін құмар ойын ұйымдастырғандарға бар болғаны 27 мың теңге әкімшілік айыппұл салыпты. Оның ең басты себебі — ешкім алаяқтарға қатысты шағымданбайды дейді полицейлер.
Осылайша шаңқай түсте халықты алдайтын алаяқтар қалада тайраңдап жүр. Ал құқық қорғаушылардан келер қауқар әзірге аз болуда. Дегенмен, күні кеше ғана облыс әкімінен 78 жаңа көлік алған тәртіп сақшылары алдағы уақытта жағдайды қолға алады деп сенуден басқа шара жоқ.
Нұрлан Жаңабай