Шымкентте күзгі әскери шақырылым басталды

475
Шымкентте күзгі әскери шақырылым басталды

Елбасының жарлығына сәйкес Қазақстанда 1 қазаннан бастап әскерге күзгі шақырылым басталды. Дәстүрлі үрдіс 30 желтоқсанға дейін жалғасады.

Осыған орай күзгі науқан бойынша шақыру комиссиясының мүшелері бас қосты. Оған қала әкімінің орынбасары, шақыру комиссиясының төрағасы Қайрат Нұртай, Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы, полковник Әбдіғани Шегебаев қатысты.

Шымкентте күзгі әскери шақырылым басталды

Жиында азаматтарды көктемгі әскерге шақыру жұмыстары қорытындыланып, алдағы күзгі шақырылым бойынша дайындық пысықталды. Қайрат Нұртай қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасына жаңа ғимарат қарастырылатынын жеткізді. Қазір жер телімі беріліп, құрылыс жобасы жасалып жатыр.

Айта кету керек, әскери құрылымдарға, әскери қызметтерге  азаматтарды шақыру бойынша ОҚО еліміздегі үштікке енген. Жуырда қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарманың жұмысы жоғары бағаланып, полковник Әбдіғани Шегебаев пен әскери келісім-шарт және шақыру бөлімінің бастығы Жанар Пернеханова қорғаныс министрлігі ұйымдастыру-жұмылдыру департаментінің марапатына ие болды. Сондай-ақ жиында әскери командаларды уақыты жасақтау және жергілікті әскери басқару органдарының қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру бойынша мәселелер жайы талқыланды. Қазір әскер жасындағы өңір жастары медициналық тексеруден өтіп жатыр. Шымкент қаласының қорғаныс істер жөніндегі басқармасы бойынша 300-ден астам азамат әскер қатарына алынуы тиіс.