Оңтүстіктегі қайғылы жол апаттарын ішкі істер министрлігінің мамандары тексеріп жатыр. Төрт күн ішінде Ташкент-Термез жолындағы 12 адамның өмірін қиған көлік қақтығыстарына байланысты министрліктен арнайы комиссия құрылды. Ал жергілікті полицейлер қаладағы жол бөлігінде бірден рейд бастап кетті. Қауіпсіздікті күшейткен погондылар енді әр көлікті әрі тексеріп, әрі ақталып әлек.
Соңғы төрт күнде Ташкент-Термез жолының 20 шақырымдық бөлігінде 12 адамның өмірі қиылды. 19 қыркүйек күні мұнда жиырма шақты жолаушыны әкеле жатқан шағын автобус Тойота жеңіл көлігімен соқтығысқан. Соның салдарынан оқиға орнында 5 азамат сол жерде көз жұмса, тағы бір күннен кейін 3 жасар қыз ауруханада жан тапсырды. Бұл апаттан жарақат алған 16 адам әлі ауруханада жатыр.
Тағы екі күннен кейін Фольксфаген маркалы жеңіл көлігі мен Өзбекстаннан жұмысшыларды әкеле жатқан Киа шағын автобусы соқтығысып, екі адам сол жерде қаза тапқан еді.
Ал күні кеше ғана мұнда кешке болатын өзінің үйлену тойына бара жатқан жігіт Мерседесімен жол жиегінде тұрған Газель жүк көлігіне келіп соққан. Жеңіл автокөлік ішінде 25 жастағы жігіттен өзге туған екі қарындасы және күйеу жолдасы бар еді. Барлығы қаза тапты. «Отырар» медиахолдингі жол апатынан қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтады…