Шымкенттік сұлу «Мисс Азия -2016» халықаралық байқауының жеңімпазы атанды. Арулар сайысы Ливан елінде өткен.
Қазақстан атынан барған қатысушы Ардана Кәденованың сұлулық байқауында тәжірибесі мол. 2014 жылы «Шымкент аруы» жобасына қатысқан Ардана Азияның ең сұлуы атанамын деп ойламадым дейді.
Қалалық дәрежеде жеңімпаз атанбаса да бағытынан таймаған. Көп еңбектің көмегімен «Баку Miss Union» халықаралық жарысына жолдама алып, үздік бестікке ілінеді. Осылайша «Miss Tourism Universe» байқауынан шақырту алады. 45 елдің хас сұлулары қатысатын жобаға бірден келісім берген.
«Бұл тек менің жеңісім емес, отбасымның, достарымның, маған қолдау көрсеткен жанкүйерлердің жеңісі» дейді Ардана Кәденова. Оңтүстіктің тумасы бұл жетістікпен тоқтамаймын дейді. Әлі талай сұлулық сайыстарында елімнің атын шығарамын деп уәде берді.