Түркістан тұрғындары Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл мен 19 жастағы жергілікті палуан Дидар Хамзаны зор қошеметпен қарсы алды. Қаланың орталық Есімхан алаңына халық мол жиналған.
Байрақты бәсекеде ел намысы үшін сынға түскен қос саңлақты алдымен қала әкімі Ә.Өсербаев құттықтап, қаржылай сый-сыяпат жасады. Сонымен бірге облыстық мәслихат депутаты Р.Тәңірбергенов сөз алып, күміс қызға жеңіл автокөліктің кілтін салтанатты жағдайда табыс етті.
Ерекше ықылас білдірген қала жұртшылығына алғысын жеткізген Жазира Жаппарқұл өз сөзінде Түркістан қаласының жастарын Ә.Нұрмаханов атындағы облыстық олимпиада резервін даярлайтын спорт мектебінен ашылған ауыр атлетика үйірмесіне қатысуға шақырды.