Қапал батыр көшесіндегі көпір ашылды

382
Қапал батыр көшесіндегі көпір ашылды

Шымкенттегі Оңтүстік шағынауданы мен қала орталығын байланыстыратын көпірдің құрылысы аяқталды. Бүгін таңертеңнен 6 жолақты теміржол өткелінен автокөліктер емін-еркін жүре бастады. Естеріңізде болса, көпірді қайта құру жұмыстары 2014 жылы басталған.

Қапал батыр көшесіндегі көпір ашылды

Енді осы өткел арқылы екі жыл бойы жаяу қатынаған жерлестеріміздің қуанышында шек жоқ. Жергілікті билік қалалықтар қиналмасын деп, 1 қыркүйек күні көпірдің бір бөлігін пайдалануға берген. Өйткені, қалаға келіп-кету тұрғындардың бас ауруына айналған еді. Екі ай өтіп, бұл көпірдың құрылысы толық аяқталды.

Мердігер «Береке А» корпорациясы 1 млрд теңгеден астам қаржыға ұзындығы — 500, ал ені 24 метрлік көпір салды. Кеңес дәуірінен күрделі жөндеу көрмеген ескі көпірдің ені бұрын 8 метр ғана болатын. Тар өткелден қозғалған көліктер жиі кептеліп, апаттар да орын алатын. Енді мұнда көліктерге де, жаяу жүргіншілерге де емін-еркін жүруге мүмкіндік бар.

Құрылыс екі жылға созылды. Оңтүстік шағынауданы тұрғындарынан бөлек бұл жолдың ашылуын төлебиліктер де асыға күтті. Оларды да облыс орталығымен байланыстыратын ең ыңғайлы жол — осы.

Нұрлан Жаңабай