Қапал батыр көшесіндегі көпір ашылды

379

Шымкенттегі Оңтүстік шағынауданы мен қала орталығын байланыстыратын көпірдің құрылысы аяқталды. Бүгін таңертеңнен 6 жолақты теміржол өткелінен автокөліктер емін-еркін жүре бастады. Естеріңізде болса, көпірді қайта құру жұмыстары 2014 жылы басталған.

Енді осы өткел арқылы екі жыл бойы жаяу қатынаған жерлестеріміздің қуанышында шек жоқ. Жергілікті билік қалалықтар қиналмасын деп, 1 қыркүйек күні көпірдің бір бөлігін пайдалануға берген. Өйткені, қалаға келіп-кету тұрғындардың бас ауруына айналған еді. Екі ай өтіп, бұл көпірдың құрылысы толық аяқталды.

Мердігер «Береке А» корпорациясы 1 млрд теңгеден астам қаржыға ұзындығы – 500, ал ені 24 метрлік көпір салды. Кеңес дәуірінен күрделі жөндеу көрмеген ескі көпірдің ені бұрын 8 метр ғана болатын. Тар өткелден қозғалған көліктер жиі кептеліп, апаттар да орын алатын. Енді мұнда көліктерге де, жаяу жүргіншілерге де емін-еркін жүруге мүмкіндік бар.

Құрылыс екі жылға созылды. Оңтүстік шағынауданы тұрғындарынан бөлек бұл жолдың ашылуын төлебиліктер де асыға күтті. Оларды да облыс орталығымен байланыстыратын ең ыңғайлы жол – осы.

Нұрлан Жаңабай