Қазақ өнері ауыр қазаға ұшырады. 22 қазан күні 73-тен 74 -ке қараған жасында аса көрнекті режиссер, педагог, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық әртісі, профессор Ерғали Оразымбетов кенеттен қайтыс болды.
Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма теарында өткен қаралы жиынға жиналған көпшілік өнер тарланын ақтық сапарға шығарып салды. Өнердегі әріптестері саналы ғұмырын сахнаға арнаған әртісті қимастықпен еске алады.
Асанаәлі Әшімов, КСРО халық әртісі: «Таза еді, халықтың, көрерменнің алдында таза кетті. Мінезді, қайсар күйінде есте қалды. Осыдан бір апта бұрын жолығып едік. Елпелектеп, «ағалап» күтіп алып, шығарып салып еді…»
Ерғали Оразымбетов қара шаңырақ — Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу», И.Оразбаевтың «Мен ішпеген у бар ма?», Брехтің «Кавказдық бор шеңбері» туындыларын сахналады. 2006 жылы Бішкек қаласында өткен «Арт ордо» халықаралық театр фестивалінде Ш.Айтматовтың «Жанпида» қойылымы «Ең үздік рижиссерлік қойылым» деп танылды. Еңбегімен елге танылған сахна саңлағының қайталанбас қолтаңбасы мен өнердегі сара жолы кейінгі буынға өнеге.
Ерғали Сиябекұлының мезгілсіз дүниеден өтуіне байланысты марқұмның жанұясы мен туған туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз.