Оңтүстікте Айша Абдуллинаның мерейтой апталығы өтуде

365
Оңтүстікте Айша Абдуллинаның мерейтой апталығы өтуде

Оңтүстік Қазақстан облыстық Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрының сахнасына 64 жыл ғұмырын арнап, 200-ден аса кейіпкерді сомдаған, театр саңлағы, Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерінің иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Айша Абдуллина биыл 100 жасқа толып отыр. Иісі қазаққа жанашыр тұлғаның мерейтойы аясында өңірімізде «Айша Абдуллина апталығы» ұйымдастырылуда.

Атап айтқанда 21 мамыр күні сағат 11.00-де мәдениет және өнер қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында Айша Абдуллинаның мерейтой шығармашылық кеші аталып өтілмек. Оңтүстік Қазақстан облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылатын мерейлі мерекеге еліміздің кәсіби театрларымен бірге, Ғасыр құрдасы Айша Абдуллина апайымыз да көрермендерге өз тартуын дайындауда.

Назарларыңызға ҚР халық әртісі Айша Абдуллинаның 100 жылдығына арналған облыстық театр апталығының кестесін ұсынамыз.

16 мамыр күні сағат 19:00-де облыстық әзіл-сықақ және сатира театрында Ж.Аймауытовтың «Сылаң қыз» комедиясы қойылады;

17 мамыр күні сағат 18:00-де облыстық өзбек драма театрының Н.Махмудованың «Ғажайып құдалар» комедиясы сахналанады;

18 мамыр күні сағат 18:00-де облыстық опера және балет театрында Түркістан сазды драма театрындағы С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиясы көрермендерге жол тартады;

19 мамыр күні сағат 19:00-де облыстық опера және балет театрында Е.Рахмадиевтың «Қамар сұлу» операсы қойылса, дәл осы сағаттарда, яғни, 19:00-де Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының Б.Абдураззақовтың «Әйел сыры» сахналық новелласы сахналанады;

20 мамыр күні сағат 19:00-де облыстық орыс драма театры А.Цагарелидің «Ханума» комедиясы көрерменге ұсынылады. Сондай-ақ, осы күні 18:00-де облыстық опера және балет театрында Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры Б.Римованың «Қос мұңлық» драмасы сахналады;

Ал 21 мамыр күні сағат 11-де Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында ҚР Халық артисі А.Абдулинаның 100 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеші өтеді.