Шымкенттегі №29 мектептің спорт алаңы жөндеуді қажет етеді. Қала әкімінің сайтына өтініш жазған ата-аналардың сұранысы осы. Себебі, іргетасы сонау 1964 жылы қаланған білім ошағының спорт алаңы бүгінде әбден тозығы жетіп отыр. Спортсүйер жастар үшін қауіпті жерге де айнала бастады.
Десе дегендей, 2 гектардан астам алқапты алып жатқан спорт алаңында жүгіру түгілі жаяу жүру қауіпті. Осыған қарамастан мектеп оқушылары ойлы-шұңқырлы жол үстінде дене шынықтырып, спорпен шұғылданып жүр. Спорт сүйер балғындар осы қолайсыздыққа қарамастан бір жақсылықтың боларына сенімді.
Бұл алаңға күндіз №29 мектеп оқушыларынан бөлек осы маңайдағы спорт мектебі мен колледж студенттері де келіп, дене шынықтыру сабағын өтеді екен. Ал кешкісін көп қабатты үй тұрғындарының серуендеп, ит қыдыртатын орны. Олардың соңынан мектеп басшылығы күн сайын алаңды тазартумен шаршаймыз дейді. Жыл сайын алаң абаттандырылып, қоршалады деген үмітпен келеді.
Бұл мәселені қалалық мәслихаттың депутаттары да бірнеше рет көтерген. Тіпті қаладағы спорт алаңдары жоқ мектеп тізімдерін алып, жобалық-сметалық құжат та дайындатыпты. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін мектептерді қоршау қажеттігі де талай айтылған.
Қаладағы келелі мәселелерді жиі көтеретін халық қалаулылары кезекті 7-сессияда осы мәселені қала басшысына ұсыныс ретінде жолдапты. Енді көп ұзамай бұл проблемалар да оң шешімін табатынына сенімді.
Нұрлан Жаңабай