Оңтүстікте іс-сапармен жүрген Гүлжан Қарағұсова бастаған Қазақстан парламентінің қаржы және бюджет комитетінің депутаттары «Шымкент» кедендік рәсімдеу орталығында болды. Халық қалаулылары кедендік және салықтық әкімшілендіруді жақсарту іс-шараларымен танысты.
Халық қалаулылары салық төлеушілер мен инвесторларды тексеруге деген жаңа тұғыр, сондай-ақ, салық мониторингі және сотқа дейінгі апелляция саласындағы өзгерістерді байқап көрді. Іс-сапар кезінде депутаттық корпус бизнес жүргізу барысында кездесетін кедергілер мен мәселелерді қарап, салық және кеден заңнамаларын жетілдіру үшін ұсыныстар жинайтын болады.
Мәртебелі қонақтар иісшіл иттердің жұмысын да көрді. Кеденшілердің «көмекшілері» ауа райының қолайсыздығына қарамастан берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындады. Сала мамандарының жұмысын жеңілтетіп отырған үй жануарлары жүк дорбаларындағы жасырынған заттарды оңай тауып, кинологтар жұмысының нәтижесін көрсете білді. Көліктерді тінтіген иісшіл иттер зиянды заттарды да лезде таба қойды.