Шымкент қаласында мемлекеттік баспанаға өтініштер қабылдау басталды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлайды.
2016 жылдың 3-7 қазаны аралығында «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» бағыты бойынша Шымкент қаласы, Төлеметов көшесінен тапсырылатын 7 қабатты 2 үйдегі 96 пәтерге өтініштер қабылданады. Өтініштердің «Е-gov» порталына тіркелуін ЭЦҚ кілті арқылы әрбір қатысушы өзі қамтамасыз етеді.
Осыған дейінгі КИК бағыты бойынша құжаттарын тапсырған, бірақ үймен қамтылмаған азаматтар өтініштер мен құжаттарын «Е-gov» порталы арқылы қайтадан тапсыруы қажет.
Өтініштер мен құжаттардың электронды түрде тапсырылуы бойынша кеңесхалыққа қызмет көрсету орталықтарындағы «Е-gov» пунктерінде және Шымкент қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінде (Желтоқсан көш., №18, 203-каб.) беріледі.
«ҚИК» АҚ бағыты бойынша қатысу үшін жергілікті атқарушы органда кезекте тұру және төмендегі санаттарға жату қажет:
— Көп балалы отбасылар;
— Толық емес отбасылар;
— Мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар;
— Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
— Оралмандар;
— Мемлекеттік, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың ,бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері.
«Қазақстанның ипотекалық компаниясы» арқылы берілетін пәтерлердің сипаттамасы — Шымкент қаласы, Төлеметов көшесі – 7 қабатты, 2 тұрғын үй (96 пәтер):
— 1 бөлмелі 24 пәтер, жалпы алаңы — 32 шаршы метр;
— 2 бөлмелі 48 пәтер, жалпы алаңы — 45 шаршы метр;
— 3 бөлмелі 24 пәтер, жалпы алаңы — 55 шаршы метр.
Пәтерлер 20 жылға сатып алу құқығымен жалға беріледі. Бір шаршы метрдің 1 айға жалға беру бағасы — 924 теңге.