Оңтүстік Қазақстанда ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына 25 игі іс-шара аясында өткізілген тау шыңын бағындыру фестивалі өз мәресіне жетті. Облыс әкімдігінің ұйытқы болуымен қолға алынған 3 күндік шараға 27 альпинист қатысып, биіктігі 4100 метр шыңды бағындырды.
Бұл жолғы фестивальдің ерекшелігі сол — шараға шетелдік қонақтар да қатысып, фестиваль халықаралық сипатқа ие болды. Ауа райының күрт өзгеруіне қарамай тауға өрмелеген спортшылар «Тәуелсіздік шыңына» шығып, көк туымызды желбіретті. Фестивалдің басты мақсаттарының бірі де осы болатын.
Егемендіктің ширек ғасырлық мерекесінде салауатты өмір салтын қалыптастырып, табиғатты аялауға шақырған қатысушылар дәстүрге айналған шараның келесі жылы да жалғасын тауып, үміткерлердің саны артатынына сенімдері мол екендерін жеткізді.