Редакциямызға Оңтүстік шағынауданының тұрғындары хабарласты. Айтуларынша, жауын-шашыннан кейін жолдары тас-талқан болып, осыдан 3 ай бұрын төселген асфальт опырылған.
Тұрғындар жол төсеген құрлысшылардың жұмысына ашынып отыр. Көршілердің айтуына қарағанда, кеше ғана тақтайдай теп-тегіс болып жатқан асфальттың жауын-шашыннан кейін сау тамтығы қалмапты. Жергілікті халық құдды көлік емес, танк жүріп өткендей деп қағытады. Тұрғындардың сынына ұшыраған жол небәрі 3 айға ғана жараған.
Биыл жылы шілде айында мұнда кәріз жүйелері орнатылған болатын. Құбырларды жүргізу үшін бұзылған жолдар толықтай қалпына келтірілмеді дейді тұрғындар. Соның салдарынан жолдың жауын-шашынға төтеп бере алмай тас-талқаны шықан. Ал қалалық ТҮКШ бөлімінің өкілдері мердігерлерді олқылықтарды қайта қалпына келтіруге міндеттейміз деп отыр.
Алайда кей тұрғындар жауаптылардың бұл уәдесіне күманданып отыр. Жергілікті билік өкілдеріне де, коммуналды сала мамандарына да арыздана барған Юлия Малютинаның айтуынша, қос мекеме бір-біріне кіна артудан ары аса алмай отыр. Тұрғын ендігі жерде қала әкіміне үміт артады.
Коммуналды сала мамандары мердігер мекеме жөндеу жұмыстарына жуық арада кіріседі деп сендірді. Ал жергілікті тұрғындар уәделі уақытта жол қалпына келтірілмесе өңір басшысына арыздануға әзір.
Осы жағдайға орай Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі ресми жауап берді. Анық болғаны, Оңтүстік, Чапаевка және Ворошиловка аудандарында орталықтандырылған кәріз құбырының желісін тарту үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген.
«Ол жұмыстарды «Grantel LTD» ЖШС атқарыпты. Қазіргі таңда тұрғын үй, коммуналды шаруашылық бөлімінің мамандары мердігер мекемемен техникалық қадағалаушыға қатаң ескеру жасады. Көшелердің опырылған тұсына майда тас-құм төселіп, толтырылуда. Тегістелген соң қайта асфальт төселетін болады» делінген хабарламада.