Шымкентте «Ontustik Tourism-2016» туристік форумы өз жұмысын бастады. Халықаралық деңгейдегі іс-шараға Кувейт, Македония, Испания, Пәкістан, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Чехия елдерінің Қазақстан Республикасындағы елшілері мен консулдары, шетелдік және қазақстандық туристік операторлар, жоғары оқу орындары мен 10-ға жуық шетелдік БАҚ өкілдері, оның ішінде Ұлыбританияның «US Television», Испанияның «EFE» ақпараттық агенттігі, сонымен бірге, еліміздің өзге облыстарынан келген делегациялар да қатысуда.
Қазақстандағы туризмді дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес Оңтүстік Қазақстан аумағын Ұлы Жібек жолының «жүрегі» ретінде дамытуды позициялау мақсатында өткізіліп жатқан екі күндік шарада бизнес-конференциялар өткізіліп, «Silk Way Tourism Fair» туристік көрмесі мен облыс бойынша ақпараттық турлар ұйымдастырылады.
Форум аясында Сарыағаш жаңа шипажай қалашығын дамыту, жол бойы қызмет көрсету нысандарын салу, туризм мектебін құру және Оңтүстік өңіріне инвестиция тарту бағытында 7 меморандумға қол қою жоспарланып отыр.
Шара аясында бизнес-конференциялар өткізіліп, «Silk Way Tourism Fair» туристік көрмесі мен облыс бойынша ақпараттық турлар ұйымдастырылатын болады. Форумға 300-ден астам қазақстандық және шетелдік қонақтар қатысуда.