Оңтүстікте жергілікті дәрігерлер үшін ангиографиялық ота жасау мүмкіндігі туды. Облыстық балалар ауруханасында алғаш рет эндовоскулярлы жолмен қантамырға ота жасау қолға алынып отыр. Хирургтардың біліктігін арттыру мақсатында Израиль мен Гарвардтан арнайы келген мамандар шеберлік сабақтарын өткізді.
Ота үстелінде 1,5 жасар нәресте жатыр. Бұл — бір күнде ота жасаған үшінші науқас. Туа бітті дерті бар оның қолтық астындағы лимфа тамырлары үлкейіп, сары су жиналған. Сол ісікті кішірейтіп, ағзаға келетін қауіпті азайту үшін шетелден келген дәрігерлер ангиографиялық аппаратты қолданды. Мұндай операция бұдан бұрын екі балаға жасалған. Олар да сәтті аяқталды дейді Израиль мен Гарвардтан арнайы шақырылған профессор Беленьки Александр мен Рам Бурвин. Осы операциялар негізінде дәрігерлер шеберлік сабақтарын да өткізді.
Науқастардың жағдайын жергілікті дәрігерлер бақылайтын болады. Жүрегінде туа бітті ақауы бар балаларға отаны ашық түрде емес, қан тамырлары арқылы жасау әдісі облыстық балалар ауруханасында алғаш рет қолға алынды. Оған мүмкіндік беретін ангиографиялық аппарат 2015 жылы сатып алынған болатын. Бұған дейін онымен тек диагностикалық зерттеулер жүргізілген. Биылғы қыркүйек айынан бастап білімін жетілдіріп келген дәрігерлер осындай жолмен 11 балаға ота жасады.
Әнуарбек Маймақов, ОҚО балалар ауруханасының бас дәрігері: «Енді жүрекке ашық жасалатын кей күрделі оталардың 20 пайызын осы антиографиялық аппараттың көмегімен жасауға мүмкіндік болады. Артықшылығы сол — ота тікелей жүрекке емес, эндоскулярлы жолмен қан тамырға жасалады. Бұл нуақастың тезірек айығып кетуі үшін де тиімді. Бұған дейін балалар ауруханасында мұндай әдіс қолданылмаған.»
Сөйтіп, күрделі оталарды жасау енді өзімізде де кеңінен қолданылмақ. Оған арнайы жабдықтармен қатар дәрігерлердің де кәсіби мүмкіндіктері артып отыр.