Биыл Оңтүстікке қыс ерте келеді әрі қарлы болады. Синоптиктер осындай болжам жасап отыр. Өңірімізде тәулік бойы жауған жауын соңы қарға ұласып, жұртшылықты біраз әбігерге салды. Ал синоптиктер күнгейде таяу күндері 9 градусқа дейін күн суытуы мүмкін дейді.
Шымкенттіктер қазан айының қақ ортасында жауған қарға дайын болмай шықты. Қоңырқай күзде жайбарақат жүрген Оңтүстік халқы бірден абдырап қалды. Алғашқы қарды елеместей, көлік доңғалағын ауыстырмаған жүргізушілер жайбасарлық танытса, кей ата-аналар қысқы киімдерін түгендеп үлгермеген.
Метеоболжам және байланыс бөлімінің мамандары облысымызда әзірге күн жылынбайды дейді. Яғни жапалақтап жауған қар өңірімізде апта соңында тағы да жаууы мүмкін. Ал сынап бағанасы, тіпті, -9 градусқа дейін суытуы ғажап емес.
Әсия Қыдырбаева, метеоболжау және байланыс бөлімінің басшысы: «Бүгін облыс көлемінде қар сақталады. Бүгін түнде ауа температурасы 1-6, кей жерлерде -9 градусқа дейін төмендейді. Осы ауа райы 21-22-не дейін сақталады. Күндіз ауа температурасы 2-7, кей жерлерде 10 градус шамасында болады. 21-22 қазанда тағы да қар жауу мүмкін. Температура көтерілмейді.»
Синоптиктер Қазақстанда қараша айының ортасы қарлы болады және биыл қыс қаһары ерте түседі деп отыр. Ұзақ болжамға сәйкес, күз маусымы тұрақсыз болады. Күнгейде өңірде жауын-шашын мол жауады. Ал қаңтар мен ақпан айлары қазақстандықтар үшін суық болады деп күтілуде.
Бүгінгі суық ауа райы аптаның соңына дейін сақталуы мүмкін. Төтенше жағдай департаментінің хабарлауынша, күн суытуының салдарынан кей жерлерде жауған қардың соңы көктайғаққа айналуы мүмкін. солтүстік-батыстан екіпіні екпіні секундына 23 метрге жететін жел тұрады деп болжайды синоптиктер.
Шымкентте жауған дымқыл қар өз кесірін тигізіп үлгерді. Қардың салмағынан қаланың біраз жерінде талдар құлауда. Ағаштар сынып, автокөліктерді бүлдірген. Абырой болғанда адамдар зардап шеккендер жоқ. Бұған қоса біраз ауданда жарық өшіп қалды. Қазір коммуналды сала қызметкерлері келеңсіздіктердің салдарын жоюда.