Шымкентте қайғылы жол апаттарына байланысты тексеру жалғасуда

283
Қазығұрт асуында тағы қайғылы жол апаты болды

Шымкент-Ташкент бағытындағы жол бойында 4 күн қатарынан болған жол-көлік оқиғаларына полиция қызметкерлерінің де кінәсі бар болып шықты. Облыстық ішкі істер департаментінің өкілдері осылай дейді.

Қазығұрт асуында тағы қайғылы жол апаты болды

Еске салайық, 19 қыркүйек күні кешкі сағат 6 шамасында Алматы-Ташкент-Термез тасжолында Форд шағын автобусы мен Тойота жеңіл көлігі соқтығысып, соның салдарынан 6 адам қаза тапты. 15 адам түрлі жарақаттарымен ауруханаларға жеткізілген еді. Тексеру нәтижесінде шағын автобус жүргізушісінің жолаушыларды шамадан артық алып, тәртіп бұзғаны анықталды. Ал ол көлікті тексермей, оқиға болған жол учаскеге өткізген — полицейлер. Жауапкершілік танытпаған инспекторлар қызметінен босатылған.

Нұржан Әбдіраманов, ОҚО ІІД жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары
Нұржан Әбдіраманов

Нұржан Әбдіраманов, ОҚО ІІД жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары: «Жергілікті полиция қызметі жолдың сол бөлігінде қызмет атқарған жол-патрульді топтың жұмысын тексерді. Қызметтік тексеру нәтижесінде жол полициясы батальонының командирі қатаң сөгіс алып, қызмет жөніндегі және техникалық бөлім бойынша орынбасарлары қызметіне толық сай емес деп танылды. Бұған қоса аға инспектор өз қызметіне толық сай емес деп танылып, жол полициясының үш инспекторы өз қызметінен босатылды. Мұнымен қоса жол-патрульдік полициясының тағы екі инспекторының жауапкершілігі тексеріліп, ішкі істер органынан босатылуға дейінгі жазаны қарастырамыз.»

Астанадан келген арнайы комиссия өкілдері әріптестерінің бұл шешімімен келіседі. Сөйтіп бірқатар тәртіп сақшылары жазаға тартылған. 20 қыркүйек күні Шымкент-Ташкент тас жолындағы Қазығұрт асуына жақын жерде Фольксваген Джетта жеңіл көлігі мен Киа шағын автобусы соғысып, соның салдарынан екі адам мерт болып, алтауы ауруханаға жеткізілген еді.

Ал 22 қыркүйек күні бұл жолда тағы 4 адам қайтыс болды. Мерседес автокөлігін басқарған жігіт үйлену тойына асығып бара жатып, жол шетінде тұрған Газельге соқтығысып, 4 адам көз жұмды. Орын алған жол-көлік оқиғаларына қатысты тергеу жұмыстары әлі жалғасуда. Апат жиі болатын тасжолды жөндеп жатқан компанияның кемшіліктері анықталса, олар да жазаланады дейді полицейлер.

Ернар Балабеков