Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Өндірістік технологиялар және инжиниринг» атты ІІІ халықаралық конференция өтті. Аймақтардың әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті мен ғылыми-техникалық қызметтердің нәтижелерін коммерциялау мәселелері қаралған конференцияға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, білім және ғылым министрлігі мен парламент өкілдері, Италия, Германия, Индонезия, АҚШ, Словакияның шетелдік дипломатиялық қызмет- елшіліктері мен консулдықтарының өкілдері қатысты.
Техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ұлттық ғылым академиясының, ұлттық инженерлік академиясының және табиғат пайдалану мен халықаралық экология академияларының академигі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бишімбаев Уәлихан Қозыкеұлының 70 жылдығына арналып отырған конференция жұмысына 46 елден 120-дан астам белгілі ғалым қатысуда.
Халықаралық конференцияда бандама жасаған облыс әкімі еңбектің ең үлкені білім екенін атап өтіп, жаһандану процесі барысында білім сапасына ерекше көңіл бөлу қажеттігін назарға алды.
— Соңғы жылдары республикамызда ғылымның барлық салалары үлкен ірі жетістіктерге қол жеткізді. Осы жетістіктерге үлес қосып отырған Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті ұжымының орны бөлек, — деді әкім. — Еліміздің ғылыми саласында университет, көптеген жылдар бойы жоғарғы дәрежеге ие болып келеді, көптеген жетістіктер мен марапаттары бұған куә. Бұл — ғылыми мектептердің ары қарай дамуының кепілі. Бүгінгі конференция осы ғылыми мектептің негізін қалаушы техника ғылымдарының докторы, профессор Уәлихан Қозыкеұлына арналуда.
Облыс әкімі халықаралық конференцияның жұмысына сәттілік тілей отырып, университеттің барша профессор-оқытушылар құрамына алдағы еңбектеріне шығармашылық шабыт, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тіледі.
Конференцияның секция жұмысы химиялық технологиялар, мұнай химиясы, био және нано технологиялар, құрылыс, тамақ өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешені, экология және табиғатты тиімді пайдалану, «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық арнайы көрме форматындағы жаңартылған энергетика, энергияны сақтау және АТ-технологияларды дамыту бағыты бойынша өтті.