Шымкентте емханалар мен мектеп, балабақшаларға жылу берілді

983
Шымкентте емханалар мен мектеп, балабақшаларға жылу берілді
Жылу қосылған №77 мектеп

Оңтүстікте ауа райының күрт өзгеруі Шымкент қаласын алдағы қысқа дайындық жұмыстарының тездеуіне себеп болды. Облыстық әкімдікте осы мәселеге қатысты өткен шұғыл жиыннан соң шаһардағы жеке қазандығы бар әлеуметік нысандар жылуға қосылсын деген тапсырма берілген болатын.

Шымкентте емханалар мен мектеп, балабақшаларға жылу берілді
Жылу қосылған №77 мектеп

№77 мектеп — оқушылары тоңбас үшін жеке қазандығын алғашқы болып қосқан білім мекемесінің бірі. Көгілдір отынмен жылытылатын қазандық сынып бөлмелеріне 18 градус жылу беріп тұр. Шымкент қаласында 121 білім мекемесі осылай жеке қазандықпен жылытылады. Бүгінде соның 65-і қазандықты іске қосып, жылынуға көшкен.

Шаһардағы 36 аурухана мен 12 емханада да жылу беріле бастады. Сала мамандарының мәлімдеуінше, бүгін жеке қазандығы бар бюджеттік мекемелер толығымен жылуға қосылады. Ал орталықтандырылған жүйемен жылынатын жерлестеріміз күтулеріне тура келеді. 20 қазанға дейін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жүйелер аяқталуы тиіс.

Шымкенттің солтүстік және оңтүстік бөлігіндегі жұмыстар 100 пайыз аяқталды. Енді «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша төселіп жатқан 6,5 шақырым құбырлар қалды. Қазіргі таңда жылу құбырларының аяқталған бөліктеріне су толтырылуда.

Нұрлан Жаңабай