Шымкентте Koton дүкені өртке оранды

609

Шымкентте Kotton дүкеніне өрт шықты. Сауда орталығы Тәуке хан даңғылы бойындағы көп қабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан. Қою түтін бір сәтте жайылып, айналаны көру мүмкін болмай қалды.

Оқиға орнына дабыл бойынша көтерілген өрт сөндірушілер жетті. Биік үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген.

Тұрғындар өрт шығуының бір себебі хасбетті қаптаған материалда болуы мүмкін деп наразылықтарын білдіріп отыр. Олар тез жанатын материалдың қауіптіліг жайлы шенеуніктерді ескерттік те деп отыр.

Өрт сөндірушілердің сөзіне қарағанда тілсіз жау 248 шаршы метрді шарпыған. 2 пәтер жартылай жанып, әжептеуір шығын келіпті. Үйде болған тұрмыстық техника мен жиһазды да өрт шалған.

Бұл үй – жаңарту бағдарламасы бойынша жөнделген Шымкенттегі бірінші нысан. Оның хасбетін қаптаған материалдар өртке қаншалықты төзімді екені белгісіз. Оның үстіне, көп қабатты үйдің бірінші қабатына түгел коммерциялық нысандар жайласқан.

Өртті сөндіруге 170-тей адам жұмылдырылған. 19 арнайы техника мен 3 бірдей су тасығыш көлік пайдаланылды. Құтқарушылар бас-аяғы бір сағаттың ішінде тілсіз жаудың бетін қайтарды. Әзірге өрттің неден шыққаны белгісіз. Тиісті тексеру шараларынан кейін жауаптылар өрттің салдарын анықтаймыз деп отыр.