Шымкент қаласы әкімдігінің жанынан жаңа мемлекеттік қызмет көрсету орталығы — фронт-офис ашылды. Тұрар Рысқұлов көшесі, №8А үйде орналасқан бұл кеңсенің бүгінде ТМД-да баламасы жоқ деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
Мұнда қалалық әкімдік тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтің барлық түрі бір жерде «бір терезе» жүйесі арқылы ұсынылады. Ерекше жобаның ашылу салтанатына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты.
Жауапты мамандар мемлекеттік қызмет көрсетудің бұл түрі бизнес жүйесінің өкілдеріне сенім береді деп сендіреді. Фронт-офис жүйесінде өтініш иесінің құжаттарын қабылдау кезінде арнайы бақылау коды беріліп, тіркеуге алынған құжат штрих-код арқылы әкімдіктің тиісті бөліміне жөнелтіледі.
Өтініш қысқа мерзімде қаралған соң жауабы фронт-офиске жіберіліп, тұрғындарға беріледі немесе өтініш иесінің электронды мекенжайына жіберіледі. Сондай-ақ өтініш иелері бақылау коды арқылы өтініштің қаралу барысы жөнінде мәлімет ала алады.
Қала тұрғындары бұл жобаға «shymkent.gov.kz/frontoffice» сайты арқылы кіре алады немесе байланыс орталығының 545-545 телефонына қоңырау шалуға болады. Бұл бір сөзбен, ыңғайлы, жылдам әрі заман талабына сай қызмет түрі болып саналады.
Айта кету керек, бұл кеңседе 25-26 маман еңбек етіп, 400-ден аса қызмет түрін көрсететін болады деп жоспарланып отыр. Барлық өтініш, сұрақтарға Қазақстан заңнамасында белгіленген мерзімде жауап берілетін болады.