Шымкентте жастардың ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Жол-көлік колледжінде «Этносаралық келісімді жүзеге асырудағы этномәдени бірлестіктердің қызметі» тақырыбында өткен ғылыми-практикалық конференцияны облыс әкімдігінің «Қоғамдық келісім» мекемесінің тапсырысымен «Жас Қазақ» пікір сайысшылар одағы ұйымдастырды.
400-ге жуық жас қатысқан конференция барысында этносаралық келісімді жүзеге асырудағы этномәдени бірлестіктердің жанындағы жастар ұйымдарының қызметін жетілдіру бағытында баяндамалар оқылып, ұсыныстар талқыланды.
Дамир Арусов, «Жарқын өмір» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: «Қазақстан көп ұлтты республика екені бұрыннан белгілі. Кеңестік дәуірде ҚСРО-дағы жалғыз интернационалды ел аталғанымыз тегін емес. Ежелден бауырмал, қайырымды қазақ халқы тағдыр тәлкегіне ұшырап, әлемнің әр тарапынан келген ұлттарды жатсынбай, оларды туған-туыстарындай жақсы көрді. Міне, сондықтан қазір Қазақстан көпұлтты мемлекет атанып отыр. Дәл Қазақстан сияқты ұлттар достығы өнеге, халықтар достығы үлгі ел дүниежүзінде жоқ.»
Ергешов Абзал, «Жас Қазақ» пікір сайысшылар одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: Қазақ ұлтының тағдыры тауқыметке толы болғаны тарихтан аян. Алайда, өз тағдыры қыл үстінде тұра да қазақ халқы қаны бөлек, жаны жат басқаның да құрдымға кетуіне жол берген жоқ. Президентіміз Н.Ә. Назарбаев еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдарынан бастап біздің көп этносты еліміздегі татулық пен келісімді сақтауға, дамытуға, қауіпсіздігі мен бейбітшілігін қорғауға бар күш-жігерін салып, этносаралық және конфессияаралық тұрақтылық пен ынтымақты, келісім мен саяси тұрақтылықты сақтау ісіне, жіті көңіл бөліп келеді. Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, өзін зайырлы мемлекет деп жариялады. Конституциямызда «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілген.»