Қазақстанда жедел жәрдем қызметі бір жүйеге көшеді. Енді шұғыл жәрдеммен ауруханаға түскен науқастар сағаттап дәрігерді күтіп отырмайды. Бұл үшін әр медициналық мекемеде жедел жәрдеммен жеткізілген азаматты қабылдайтын арнайы бөлім жұмыс істейтін болады. Бұл туралы жедел медициналық көмек көрсету қауымдастығының мүшелері қатысқан жиында айтылды. Сала мамандарының мәлімдеуінше, шұғыл медициналық көмекті жүйелеу қажет.
Ұсыныстар ішіндегі әрбір медициналық мекемеде жедел жәрдем бригадаларымен жеткізілетін науқастар үшін арнайы қабылдау бөлімін ашу жәйі көптің көңілінен шықты. Сол бөлімде науқастар сағаттап кезекші дәрігерді күтпейді әрі бригада қызметкерлері уақытын үнемдей алады дейді салаға жауаптылар.
Нұржан Отарбаев, республикалық санитарлық авиация орталығының директоры: «Кейбір облыстарда жедел жәрдемдегі көрсеткіштер төмен. Әрине, бұған көп жағдай себеп. Тозығы жеткен көліктер немесе жолдағы кептелістер және де ауруханадағы кезек күту мәселесі. Біз жедел жәрдем қызметін көрсеткенімізбен, ауруханаларға барғанда сағаттап дәрігерді күтіп қалатынымыз рас. Сондықтан жедел жәрдеммен жеткізілген науқастарды қабылдайтын қосымша бөлім қажет. Қазір осы ұсынымызды үкіметке жолдадық. Бұл мәселені шешу үшін жоспар да құрдық.»
Қазақстанда жедел жердем қызметінің сапасын арттыруға қолбайлау болатын тағы бір тұс — бригадалар саны жетіспейді. Мұндай келеңсіздік, әсіресе, Оңтүстікте көп байқалады. Өйткені милионға жуық халқы бар бір ғана Шымкент қаласында жедел жәрдем стансасында 79 бригада бар, аудандарда төрт-бесеу ғана. Бұл дегеніміз — шалғайдағы ағайынға шұғыл қызмет әлі толығымен жете қойған жоқ.
Жылдың соңына дейін бригадалар саны толықса, кешігу көрсеткіші біраз төмендері анық. Сондай-ақ, жедел жәрдем қауымдастығы өз қызметін республикадан тыс шеңберде де кеңейтпек. Яғни алыс және жақын шетелдердегі әріптестермен белсенді тәжірибе алмасуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта кездесу барысында Ресей өкілдерімен келісім-шарт түзілді.