«Алматы Тауэрс» ғимаратындағы өрттің салдарынан мерт болғандар жерленді. Марқұмдардың денесі туған ауылдарында жер қойнауына тапсырылды. Еске салайық, 6 қараша күні «Almaty Towers» ғимаратында өрт шығып, кейіннен 5 адамның мәйіті табылған. Кейінірек өрттен қаза тапқандардың студенттер екені анықталды. Олардың төртеуі — Оңтүстіктен барған студенттер. Қыршын кеткен жастардың соңында ата-анасы мен туғандары қалды.
Азапты өліммен көз жұмған бес жастың бірі Абылайхан Зұлпыбеков машина жасау факультетінде 4-курста оқыған. Анасы Гүлнар сол қаралы күні ұлымен телефон арқылы тілдесудің сәті түспеді деп жылап отыр. Жүрегі қан жылаған ананың айтуынша, ұлы оқуын Шымкентке ауыстырғысы келіп жүргенін айтқан екен. Ал өзінің қосымша табыс тауып жүргенін отбасына айтпаған. Қалай болғанда бес адамды құтқарып қалуға мүмкіндік бар еді деп жылайды қаралы отбасы.
Гүлнар Балтаева, Абылайхан Зұлпыбековтың анасы: «Сол жексенбі күні сөйлесуге уақытым болған жоқ. Ойбай-ай, сөйтсем, соткасын басқа бөлмесіне тастап кеткен екен. Енді ол жерде құтқаруға мүмкіндік болған екен ғой… Неге құтқармайды?! Қазақстанның болашағы осы өрімдей жастар емес пе? Статистика бойынша құрылыс деп қаншама жас өрен қыршын кетіп жатыр?! Студенттер қыршын кетіп жатыр, мемлекетіміз қайда қарап отыр, оның тоқтауы бола ма, болмай ма?»
Батут құрастыру орталығында жалданып жұмыс істеген студенттердің екеуі Сәтбаев атындағы техникалық университетте, ал екеуі Қазақ ұлттық университетінде оқыпты. Бесіншісі Асфендияров атындағы медицина университетінің 4 курсында білім алып жүрген. Бар болғаны жиырма жастағы Абылайхан отбасындағы үш баланың ортаншысы еді.
Асан Молдияров, Абылайхан Зұлпыбектовтың әкесі: «Ол жұмыс істеп жүргенін айтпайтын еді, балаларым. Жасыратын еді. Біз білмедік, оның жұмысқа баратынын, демалыс күні курстас балаларымен жұмысқа шыққан екен. Сөйтіп олар қосымша қаржы таппақ болған екен. Қалай болғаны, полиция, құтқарушылар бес бала қалды дегенін тыңдамай қойған екен…»
Қаза тапқан студенттер 20-22 жас аралығында еді. Барлығына да ұстаздары тек жақсы мінездеме беріп отыр. Қазіргі таңда университет пен кәсіподақ қаза тапқандардың әрқайсысының отбасына 340 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетті. Ал өрттің өзі неден тұтанғаны әлі анықталған жоқ.