Бәйдібек ауданындағы асуларда уақытша паналау орындары жасақталуда

521
Бәйдібек ауданындағы асуларда уақытша паналау орындары жасақталуда

Жол азабын жүрген білер! Қақаған қыста қалың қауымның қар құрсауында қалып қоймауына қамданған құзырлылар тірлігін бір тиянақтады. Төтенше жағдайлар департаменті, әкімдік және «Оңтүстік жолдары» мемлекеттік-коммуналды кәсіпорнының қызметкерлерінен құралған комиссия өңіріміздегі тасжолдардың төңірегін шолып шықты. Қардан тазартатын арнайы техникаларды түгендеп, жолда қалғандарды жылытатын бекеттерді байқап қайтты.

Бәйдібек ауданындағы асуларда уақытша паналау орындары жасақталуда

Бүгінде өңірде облыстық маңызы бар 180-нен астам тасжол бар. Жалпы ұзындығы 4300 шақырымды құрайды. Бұл нысандардың бәріне «Оңтүстік жолдары» мекемесі жауапты. Әдетте жүргізушілерді қыста қыспаққа алатын тасжолдар өңірде жетерлік. Сол үшін де комиссия мүшелері теріскей тұсқа төтесінен тартатын Бәйдібек ауданына қарасты аумақты аралап шықты. Мұндағы үш асу мен осыншама бекетті байқап қайтты.

Асылбек Өмірәлиев, «Оңтүстік жолдары» мекемесінің жетекшісі: «Бүгінгі таңда бізідң мекемеде жолды тазалайтын 18 техника бар. Бұған қоса, қажет болса, субмердігер мекемелерді де жұмысқа тартатын боламыз. Осылайша жол ашамыз. Жеті мың тоннаға жуық инертті материал жиналған. Ол — құм мен тұз.»

Бәйдібек ауданындағы асуларда уақытша паналау орындары жасақталуда

Қалай дегенмен де, қар қалыңырақ түссе, асулардан аттап басып аса қиынға соғады. Бәйдібек ауданының аумағында Шыбықбел, Одаман және Мұздыбел сияқты қозғалысы қордаланған жерлер бар. Қақаған қыс кезінде тура осы тұста ондаған жолаушы қолын үрлеп, қомданып қала береді. Сол үшін де жауаптылар жол бойын тәулік бойы тазартып қана қоймай, жылыту бекеттерін де жасақтапты. Солардың бірі — кәдімгі үй. Ішінде жолда қалған адамдарға арналған төсек-орын мен жағатын отыны бар.

Бәйдібек ауданындағы асуларда уақытша паналау орындары жасақталуда

Оразәлі Дәлімбетов, «Оңтүстік жолдары» мекемесінің Бәйдібек ауданындағы учаскесінің жетекшісі: «Біз жыл сайын көмір жинаймыз. Биыл 10 тоннадан астам отын әзірледік. Қазір 10 адамға жететін төсек-орнымыз бен қажетті заттар, азық-түлік бар. Аса қажет кезінде мұнда 70 адамға дейін қабылдай аламыз. Тек электр жарығын емес, генератордың тоғын пайдаланамыз.»

Бәйдібек ауданындағы асуларда уақытша паналау орындары жасақталуда

Қар қалың түсетін тасжолдардың бойына арнайы қоршау тартылған. Жүйткіген желдің әсерімен асфальт бетін айнаға айналдырмаудың бір айласы осы. Табиғаттың тосын мінезінен қалың қауымның қар құрсауында қалмауы үшін мекеме тағы бірер су жаңа техника алыпты.

Бәйдібек ауданындағы асуларда уақытша паналау орындары жасақталуда

Мұхтар Қоқамбаев, ОҚО көлік және автокөлік жолдары басқармасы басшысының орынбасары: «Жолдарды тазалап, күтіп-ұстау үшін 300 миллион теңге бөлінді. Сол қаржыға 13 Газель сатып алынды. Әрқайсысына жүргізушімен қосқанда 5-6 адам сияды. Әр ауданда 5 адамнан жолдың жағдайын бақылап, күтіп-ұстайды. Алдағы уақытта 2 грейдер мен 4 трактор сатып алу жоспарда бар.»

Жолдағы жағдайды төтенше жағдай департаментінің мамандары да қатаң қадағалауына алған. Өйткені қар құрсауында қалғандарға қол ұшын беруге алдымен келетін де осы құрылым өкілдері. Қазір құзырлылар қалың қауымға сақтық шараларын ескертіп жатыр.

Жомарт Құспанов, Бәйдібек аудандық төтенше жағдай басқармасының бастысы: «Біз барша тұрғынды жолға шыққанда абай болуды сұраймыз. Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін, мүмкіндігінше қатты боран болып, ауа райы бұзылғанда жолға шықпауға кеңес береміз.»

Бәйдібек ауданындағы асуларда уақытша паналау орындары жасақталуда

Сөйтіп, комиссия өкілдері тасжолдағы қауіпсіздікті толықтай қарап шықты. Айтуларынша, бұл жолғы қыста қалың қар құрсауындағы қиындық пен асулардағы азап артта қалуы керек. Бірақ олардың табиғаттың тосын мінезіне қаншалық төтеп беретінін уақыт көрсетеді.

Мақсат Жақсыбаев