Европалық даму банкі Оңтүстіктің инфрақұрылымын дамытуға қаржы бөледі

294
Европалық даму банкі Оңтүстіктің инфрақұрылымын дамытуға қаржы бөледі

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Европа қайта құру және даму банкiнің (ЕҚҚДБ) Қазақстандағы директоры Джанет Хэкманмен кездесті. Басқосуда екі тарап бірлескен жобалар жайын талқылап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Европалық даму банкі Оңтүстіктің инфрақұрылымын дамытуға қаржы бөледі

Алғы сөзді бастаған аймақ басшысы, ең алдымен, мәртебелі мейманды өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен таныстырып, аталған банк өкілдігімен ауыл шаруашылығы, коммуналды шаруашылық, инфрақұрылым, автожолдар салу мен әуежай құрылысын жүргізу салаларында бірлесе жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді. Үш миллионға жуық халқы бар өңірдегі туу көрсеткішінің жоғары екенін, сәйкесінше, бұл ретте инфрақұрылымдық, әлеуметтік, коммуникациялық мәселелер жайы туындайтыны заңды екеніне тоқталған әкім, атап айтқанда, сумен жабдықтау, жылумен қамтамасыз ету, электрмен жабдықтау мәселесінде қаржы бөлу қажеттігін айтты.

Европалық даму банкі Оңтүстіктің инфрақұрылымын дамытуға қаржы бөледі

— Жалпы, Қазақстан үкіметінен түрлі салалар бойынша мол қаржы бөлінуде. Десе де, мұндай халықаралық ұйымдардың қаржысы біз үшін артықтық етпейді, — деді Жансейіт Түймебаев. — Аталған банкпен бірге біздің тарап Шымкент, Түркістан, Кентау қалаларының инфрақұрылымдарын дамыту бойынша жұмыстар жүргізуге әзір. Бұл қаржы институтымен бірлесе жұмыс істеудің бірінші тиімді тұсы — теңге айналымын жүргізуге мүмкіндігіміз бар. Екіншіден, пайыздық мөлшерлемесі басқа банктермен салыстырғанда өте төмен.