Оңтүстік Қазақстан облысы арқылы халықаралық бағытқа жолаушы тасымалдаумен айналысатындар тиісті талаптарды сақтамайды. Шымкент қалалық көлік прокуратурасының өкілдері полиция қызметкерлерімен бірге ұйымдастырған рейд кезінде Қытайға, Бішкек және Ташкент қалаларын бетке алған көліктер тоқтатылып, тексерілді.
Нәтижесінде жүргізушілерден бірқатар заң бұзушылықтар анықталып отыр. Кейбірі тексеру кезінде орындықтарды жатын төсектерге қолдан алмастырып алған болса, енді бірінің көлігі техникалық байқаудан өтпегені де анықталды. Құзырлы орган өкілдерінің мәліметінше, соңғы екі айдың ішінде өңірімізде 20 адамның қазасына алып келген 3 факті болды. Себеп — осындай заңсыз тасымалдаушылардың және көліктердің техникалық ақаулары.
Сейдахмет Мүсіров, Шымкент көлік прокуратурасының аға прокуроры: «Шымкент көлік прокуратурасымен ішкі істер департаменті бірлесе атқарған іс-шаралар нәтижесінде біздің өңір арқылы өтетін, заңсыз халықаралық тасымал ұйымдастырған тасымалдаушылар анықталып, оларға шара қолданылу үстінде. Қазіргі таңда осы рейдтің нәтижесінде бірқатар заңсыз тасымалдаушылардың жұмыстары әшкереленіп, оларға әкімшілік шара қолданамыз.»