Мақтаарал ауданында бір ауыл жарыққа жарымай отыр. Қарақыр елдімекенінің тұрғындары бірнеше жылдан бері ескі трансформатордан электр қуатын алады. Мұнда жарық жиі сөнеді. Себебі, қуат көзін тарататын ол қондырғының тозығы жеткен.
Ал жол азабын тартып отырғанын айтып тұрғындар талай табалдырықты тоздырған. Әзірге нәтиже жоқ.
Тұрғындардың айтуынша, сонау 70-жылдардан қолданылып келе жатқан трансформатор жиі істен шығады. Ескі қондырғы шыдас бермей, жұртшылықтың әбіржітетін күні көп. Жергілікті халық жарықтың жайын айтып, бармаған жеріміз қалмады дейді.
Небәрі жарты жыл қолданылған тоңазытқыш қазір жарамсыз күйде. Тейіп Мұратов жарықтың жиі сөнуінен тұрмыстық техникам күйіп кетті дейді. Жақында амалсыздан жаңасын сатып алған, енді оны қызғыштай қорып жүр.
Біздің түсіру тобы келеді дегенді естіген болуы керек, жарыққа жарымай отырған халықтың жағдайын сұрап, осы күні жергілікті билік өкілдері де ауылдан табылды. Олардың төбесі көрінгеннен ашынған жұрт көкейіндегісін іркіп қалмады. Мүмкіндікті пайдаланғысы келген олар жауын-шашында жол азабын тартатынын да баяндап берді.
Жұртшылық үшін бұл жолдың жыр болғалы қашан. Бұл мәселе кезінде біздің де назардан тыс қалмаған-ды. Алайда одан нәтиже шықпаған сыңайлы. Шенеуніктер былтыр да халыққа жол салып береміз деп уәдесін үйіп төккен еді.
Баяғы жартас — сол жартас. Жол жөнделмей ол қалды. Әкімдіктегілердің сөзіне сенсек, электр жүйелерінің де әл-әзір жөнделе қоятын түрі жоқ.
Не жарыққа, не жолға жарымай шағынған тұрғындар жергілікті басшылардан күдер үзгенін жасырған жоқ. Коммуналдық мәселелердің шешімін олар енді облыс әкімінен күтеді.