«Ырыс» шағын қаржы ұйымы Кентау қаласындағы ең үздік кәсіпкерлерді марапаттады. Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты Оңтүстікте кәсіпкерлік саласының дамуында «Ырыс» шағын қаржы ұйымы арқылы өз ісін жандандырып, қосқан үлесі үшін өңіріміздегі ең үздік 25 кәсіпкерді марапаттау шарасы Кентау қаласында жалғасын тапты.
Нақты айтқанда, Кентау қаласындағы таза ауыз су өндіру және ұйымдастыру жобасы «Үздік жоба» номинанты атанды. Жоба жас кәсіпкер Мұсаханов Әзімханның бастамасымен жүзеге асып отыр.
Жалпы құны 3 миллион теңге болатын цехты ашу үшін аудан тұрғыны «Ырыс» ұйымынан 7 пайызбен несие алып, қажетті техникаларға тапсырыс берген. Мәселен, суды 8 сатылы сүзгіден өткізіп, ыдыстарға құятын аппараттар Қытайдан әкелінген. Жаңа технологиялық цех күніне бір тонна тіршілік нәрін тазалай алады. Осылайша кәсіпкер 3 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.
Салиханов Икрам — Кентау қаласының тұрғыны. Кәсіпкер 2016 жылы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының шеңберінде «Диас» кондитер цехын ашты. Ол үшін қажетті 3 млн теңгені «Ырыс» қаржы орталығынан 7 пайызбен несиеге алды.
Кәсіпкер бұл қаржыға цехқа қажетті пеш және басқа да заманауи жабдықтар сатып алған. Қазіргі кезде цех жұмыс жасап тұр. Мұнда бір күнде тәтті тағамдардың 40 түрі пісірілсе, шығарылған өнім көлемі 130-140 келіні құрайды.
Мұнда пісірілетін тәттілер, дәмді тоқаштар, торттар, бауырсақтар мен самса, жұмсақ құймақтарға ауылдықтардың сұранысы жоғары. Мұнда онға жуық қыз-келіншек жұмыс жасайды.