Биыл білім және ғылым министрлігі ұлттық бірыңғай тестілеуді екіге бөлгені белгілі. Енді мектепті бітіру емтиxаны оқушының орта білімді тәмамдағанын дәлелдесе, ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысымен мектеп түлектеріне мемлекеттік гранттар тағайындалады.
Бұл туралы ОҚО аймақтық коммуникация қызметінде өткен брифингте Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Раушан Ергашева айтты.
Маманның айтуынша, жаңа форматқа сәйкес «Алтын белгі» енді мектептердің өздерінде тағайындалады. Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде аталған атақты растау қажет емес. Тестілеу тек грант иегерлерін ғана анықтап, жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігін береді.
«Алтын белгі» иегерлері, жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық, республикалық олимпиадалардың, ғылыми жобалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҰБТ-ны жалпы негізде тапсырады. Балл саны бірдей болған жағдайда білім беру гранттарын алу басымдығы осы оқушыларға беріледі.
Мысалы, бітіруші және «Алтын белгі» иегері де 122 балл алса, грант «Алтын белгі» иегеріне беріледі. Ал егер бітіруші көбірек балл жинаған жағдайда «Алтын Белгі» иегеріне басымдық берілмейді.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша 5 халықаралық олимпиаданың жеңімпазы мен жүлдегеріне арнайы гранттар бөлінеді.
— 2017 жылы түлектер үшін қорытынды аттестациялау өздері оқыған мектепте өткізіледі, яғни келесі жылдың 1-10 маусым аралығында өткізу жоспарланып отыр, — деп атап көрсетті Р.Ергашева. — Ал ұлттық бірыңғай тестілеу, яғни жоғары оқу орнына түсу емтиxаны 20 маусым мен 1 шілде аралығында республика бойынша 165 тестілеу бекетінде өткізіледі. 2017 жылғы тамыз айында және 2018 жылдың қаңтар айында ҰБТ ақылы негізде қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі. Шекті балл — 50.
Мектеп бітіруші түлектердің жоғары оқу орнына қабылдану үшін тапсыратын ҰБТ форматы үш міндетті пәннен тұрады. Олар – математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы және Қазақстан тарихы. Осы пәндердің әрқайсысынан 20 сұрақтан келеді, ал екі таңдау пәнінен 30 сұрақтан беріледі. Жалпы тестілеу уақытына 210 минут бөлінеді. Сұрақтар санының артқанына қарамастан, ең төмен балл деңгейі 50 балл күйінде өзгеріссіз қалатыны айтылды.
Міндетті пәндер қатарына білім алған тілі – қазақ немесе орыс тілі және әдебиет – эссе түрінде, Қазақстан тарихынан — ауызша емтихан, математикадан — бақылау жұмысы, меңгерген тілі бойынша тестілеу (қазақ тілі – орыс тілді мектептер үшін, орыс тілі — қазақ, өзбек, ұйғыр, тәжік тілді мектептер үшін). Ал таңдау пәндері бойынша физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, әдебиет немесе шет тілінен тест тапсырады.