Оңтүстікте «Ұлы дала елі — тәуелсіздіктің 25 негізі» атты 25 жұлдызды күн акциясы бастау алды. Іс-шара аясында 16 желтоқсанға дейін барлық қала, аудандарда егемендік жылдардағы жетістіктерді дәріптейтін мерекелік жиындар өтеді. Акцияның алғашқы күнінде Шымкеттегі көрме орталығында «Тәуелсіздік жетістіктері» атты таныстырылым көрме-кешенінің ашылу салтанаты өтті.
Тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік жағдайдың біршама жақсарғаны баршаға аян. Егемендік алғалы бері өңірде 345 денсаулық сақтау нысаны, 491 мектеп және 1491 балабақша пайдалануға берілген. Ал ауыл шаруашылық өнімі 426 млрд теңгеге артса, өнеркәсіп көлемі 670 млрд теңгеге көбейген. Салтанатты жиында сөз алған облыс басшысы 1991 жылдардан кейінгі жетістіктерді өзі баяндады.
Жансейіт Қансейітұлы мұнан соң тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген мерейтой иелерін арнайы құтықтады. Мерекелік жиында 16 жасқа толған азаматтар жеке куәлікті салтанатты түрде алса, биыл дүние есігін ашқан егіз сәбилердің ата-аналары мен некеге тұрған жас жұбайлар бағалы сыйлықтарға ие болды.
Осылайша «Ұлы дала елі — Тәуелсіздіктің 25 негізі» атты 25 жұлдызды күн акциясының алғашқы күні бастау алды. Енді іс-шара аясында 16 желтоқсанға дейін барлық қала, аудандарда «Мәңгілік елдің мәңгілік құндылықтары», «Қуатты Қазақстан — қуатты өңірлер», «Астана» сынды 80-ге жуық тәуелсіздік жетістіктерін баяндайтын акциялар өз жалғасын табады.