Оңтүстікте иіс газымен улану жиілеп барады

696

улану, жедел жәрдемОңтүстікте иіс газымен улану жағдайы жиілеп барады. Жыл басынан бері көмірқышқыл газынан уланған 28 адам қайтыс болған. Осы уақыт аралығында орын алған 29 оқиға кезінде 76 адам зардап шекті. Бұл туралы төтенше жағдай қызметкерлері оқыс жағдайлардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған бирифингте хабарлады.

Биыл жайсыз оқиғалар мен исті газдан уланғандар саны 3 есеге көбейді. Төтенше жағдай қызметкерлері осылай деп дабыл қағып отыр. Өкінішке қарай, қайтыс болғандардың арасында жасы 1 ден 8 ге дейінгі 9 бала және 16 жасар бойжеткен бар. Тіркелген 29 оқиғаның ішінде 25 оқиға жеке тұрғын үйде, ал қалғаны көп қабатты тұрғын үйде орын алған. Улы газбен уланғандардың басым көпшілігі шырт ұйқыда кезде болған.

Талдау көрсеткендей, қайғылы жағдайдың дені табиғи газдан улану салдарынан орын алып отыр. Сала мамандары улану оқиғалары тұрғындардың жарамсыз пеш жабдықтарын пайдалану, жылыту жүйесін дұрыс қоспауы, қарапайым өрт қауіпсіздік қағидаларын бұзуы салдарынан орын алып отыр дейді. Осы ретте құтқарушылар техникалық қауіпсіздікке кепіл беретін кей алаяқтарға алданып қалмай, бекітілген мекемелердің қызметіне ғана жүгінуге шақырады.

Осылайша төтенше жағдай қызметкерлері орын алған оқыс оқиғалардың барлығында үйлерде тиісті қауіпсіздік шаралары қамтылмаған деген қорытынды жасап отыр. Сондықтан маусым кезінде жылыту жүйлеріне сақ болуға шақырады.