Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Шымкент қаласындағы Түркістан сарайында Оңтүстіктің өнер жұлдыздарының қатысуымен «Туған елге тағзым» атты қайырымдылық концерті өтті.
Концертке еліміздің сахналарында өнер көрсетіп жүрген «Шаншар», «Алдараспан», «Нысана», «Шымкент-шоу» сатира театрларымен қатар облыстық әзіл-сықақ және сатира театры, сондай-ақ, қазақ эстрадасына танымал Марат Омаров, Таңат Мамырханұлы, Жұбаныш Жексенұлы, Шахизада Байпатшанова, Қанат Үмбетов сынды әншілер қатысып, жерлестеріне мерекелік көңіл күй сыйлады.
Концерттен түскен 2 миллион теңге әлеуметтік жағдайы төмен, қоғамдық көмекті аса қажет ететін 8 отбасыға 250 мың теңгеден үлестірілді. «Туған жерге тағзым» қайырымдылық шарасында сөз алған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов барша қатысушы ордалы Оңтүстік өңірінің төл перзенттеріне алғысын білдірді.
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында облыстағы барлық мәдени мекемелер мен мәдениет үйлерінің өнер қызметкерлері өңіріміздегі ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар үйіне тұрақты барып, арнайы қойылымдар мен іс-шаралар ұйымдастырып, балғындарды қуантуда.