Шымкенттегі Ыбырай Алтынсарин атындағы № 65 мектеп-гимназиясына — 25 жыл. 1991 жылы, ел егемендігін алған жылы облысымызда ашылған қазақ гимназиясының үстаздары мен шәкірттері атаулы күнді Қазақ драма театрында атап өтті. Ұжым ширек ғасырлық уақыттағы жемісті еңбегін көпшілікке паш етті.
Қолына үкілі домбырасын алып, сахнада тізілген жастар — мектеп гимназияның шәкірттері мен түлектері. Талай сында топ жарып, алтын ұя мектебінің намысын ту қылып көтерген оқушылар бұл жолы жырларын ұстаздарына арнады. Білім нәрін сеуіп, өміріне азық берген жандарға алғыстарынын білдірді. Қаншама спортшы мен өнер иелерін, білімді жастарды ұшырып шығарған білім ордасына елімізге танымал жас әнші Ерден Жақсыбаев әндерін арнады.
Қатира Кәдірбаева, Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының директоры: «Қарап отырсақ, 25 жыл 25 күндей зымырап өте шығыпты. Ең алғаш, 1991 жылы 602 оқушымен ашылған білім ордасы болатын. Осы уақыт ішінде мектеп өміріндегі барлық шараның куәсіміз. Тіпті арасында кей жерлерін ұмытып та қалыппыз. Тарих беттерін парақтап, қарап шықсақ, жеткен жетістігіміз жетерлік екен. Осы күнге дейін 5 дарынды оқушымыз Елбасы қабылдауында болған. 12 оқушымыз республикалық шығармалар сайысында бас жүлдені иемденді. Пәндік олимпиадада 12 жүлдегеріміз бар. Өзге байқауларда да біздің мектептің оқушылары жұлдесіз қайтқан емес. Айта берсек, ауыз толтырып айтар жетістігіміз баршылық. Мұның барлығы — біздің мұғалімдердің еңбегі. Сондықтан бұл мерекелерді атап өтпеу мүмкін емес. Бұл ретте барлық оқушылар, ата-аналар, ұстаздар қауымы жұдырықтай жұмыла дайындалдық».
Мектеп ұжымы Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығы мен Ы.Алтынсариннің 175 жылдығын да атап өтті. Мерекелік бағдарламада оқушылар бала Ыбырайдың оқып, білім алуға аттанған сәтінен бастап дана Ыбырайға айналған өмір жолын сахналады. Желтоқсан оқиғасын сахналаған балалардың шеберлігі де жиналғандарды бей-жай қалдырмады. Әсіресе ата-аналар жағы дән риза.
Ата-аналар, қала педагогтары мен білім саласының ардагерлері жиналған залда ине шаншар орын болмады. Білім ошағының ондаған үйірмелеріне қатысатын барлық оқушылар жұмылдырылған шара концерттік бағдарламаға ұласты. Айта кетейік, республика бойынша 7 рет ең үздік деп танылған Ы. Алтынсарин атындағы № 65 мектеп-гимназияда бүгінде 3688 оқушы білім алуда.