Облыстық клиникалық ауруханада ашық есік күні өтті. Бұл күні дәрігерлер алдына келген науқастарды ешқандай құжатсыз қабылдап жатты. Тегін кеңес беріп, ем-домын көрсетті.
Игі шара ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналды. Аурухана қызметкерлері осынау мерейлі мерекені қарапайым халыққа көмек көрсетіп атап өткенді жөн санапты. Күні бойы өткен ашық есік шарасында дәрігерлер 300-ге жуық науқасты қабылдады.
Келгендердің басым көпшілігі қарт кісілер болды. Оларды негізінен буын аурулары мазалайтынын айтып, тиісті мамандардың көмегіне жүгінді.
Мамандар облыстық клиникалық ауруханада әр айдың екінші сенбісінде ерлерге арналған ашық есік күні өтеді дейді. Жыл басынан бері денсаулығы сыр берген 800-дей ер-азамат қабылданған. Нәтижесінде жас жігіттер арасында простатит, аденома, белсіздік сынды аурулары жиі кездесетіні анықталып отыр.
Айта кетейік, ерлер денсаулығы мектебінің ашық есік күні ары қарай да жалғасады. 12 қараша күні де облыстық клиникалық аурухана базасында ер-азаматтар үшін тегін консультативтік-диагностикалық тексеру болады.