Seitzhan school инновациялық мектебінде «Ашық есік күні» өтті

Шымкенттегі бірегей білім ордаларының бірі Seitzhan school инновациялық мектебінде «Ашық есік күні» өтті. Оқушылар ата-аналар мен қонақтарға бір жыл ішінде жеткен жетістіктері туралы айтып берді. Келушілерге көрме ұсынылып, бірнеше мектеп шәкірттері арасында спорттық жарыс ұйымдастырылды.

Бүгін Seitzhan school инновациялық мектебінің оқушылары бір жыл ішінде біліп-түйгендерін паш етті. Іс-шараға келушілерге түрлі тәжірибелік және зертханалық жұмыстардың нәтижесін көрсетті. Ұжым, балалардың жеткен жетістіктерін қала тұрғындары мен ата-аналарға арналған «Білім көрмесінде» таныстырды. Атап өткен жөн, білім ордасының шәкірттері аз уақыт ішінде талай белестерді бағындырып үлгерген.

Білім ордасында өткізілген «Ашық есік күні» шеңберінде қаладағы бірнеше мектеп шәкірттері арасында «Достық» кубогі өтті. Оқушылар волейбол, футбол, шахмат және жүзуден өзара бақ сынады. Қызу тартысты жарыста қай мектептің өрендері болмасын, барын салып, үздік атануға тырысты.

Мұхамедияр Ембай, жарысқа қатысушы: «Seitzhan school мектебіне жарысқа келдік. Басқа да жарыстар болып жатыр. Суға жүзуден, футболдан жарыстар бар. Жеңеміз деп ойлаймыз, басқа ой жоқ. Мен бұған дейін бұл мектепті білмейтін едім. Осы жаққа келіп көріп жатырмын, ішкі құрылысы өте әдемі. Маған барлығы ұнады».

Қазіргі таңда Seitzhan school инновациялық мектебінде 300-ден астам оқушы тәлім алады. Мектеп ұжымы даярлық сыныбынан бастап 9-сыныпқа дейін білім береді. Ашық есік күніне балалардың ата-аналары, қала тұрғындары, Қаратау және Абай ауданы мектептерінің оқушылары мен ата-аналары шақырылды. Білім ұясының директоры іс-шараны өткізудегі басты мақсат – мектептер арасындағы ынтымақты күшейтіп, балаладың жетісітігін көпшілікке таныстыру, дейді.

Нұрболат Базарбаев, Seitzhan school мектебінің директоры: «Ашық есік күнін өткізудің бір себебі – оқушылардың жеткен жетістіктерімізді көрсету, таныстыру мақсатында өткізіп отырмыз. Балалар зертханалық жұмыстарды ата-аналарға, қонақтарға көрсетіп жатыр. Мамыр мерекелеріне байланысты қала мектептерімен бірлесе отырып, достастық кубогын ұйымдастырып жатырмыз. Волейболдан, футболдан, жүзуден жарыстар өтіп жатыр. Бұл салауатты өмір салтын насихаттау, мектептер арасындағы ынтымақты күшейту».

Бірнеше мектеп оқушылары арасында өткен бәсекеге спорттың төрт түрінен 120 үміткер қатысты. Нәтижесінде волейболдан Seitzhan school, футболдан Зияткер мектебі жеңімпаз атады. Айта кетейік, Заманауи оқу орны «Шымсити» шағынауданында орналасқан.

Мекен-жайы: Шымсити көшесі 23/3
Байланыс нөмірі: +7-747-674-99-13

 

Лицензия: № KZ64LAA00034939 18.09.2023 ж «ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментімен берілген».